Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміржол бойындағы тәртіп: көлік полицейлері мал иелеріне ескерту жасады

Теміржолға шыққан қараусыз мал пойыз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Осыған байланысты көлік полицейлері мал иелерін төрт түлікті бақылауда ұстап, теміржолға жақын аумақта жаюға жол бермеуге шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері пойыздардың шұғыл тежеуіне қатысты 1005 фактіні тіркеді. Оның 746 жағдайы, яғни жартысынан астамы, ауыл шаруашылығы жануарларының теміржол жолдарына шығуымен байланысты. Бұл туралы көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, кезекті оқиға 13 қыркүйекте Ақмола облысындағы Макинка – Елтай аралығында болған. Петропавл – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржол жолында ұсақ малдың жүргенін байқап, шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Қабылданған шараларға қарамастан, пойыз 13 бас малды қағып кеткен. Соның салдарынан пойыз қозғалысы 9 минутқа тоқтатылды.

– Көлік полицейлері жануарлардың иесін, Ақмола облысының 63 жастағы тұрғынын анықтады. Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Құрмет Мәжікенов.

Көліктегі полиция департаменті теміржол жолдарына жақын жерде малды бақылаусыз жаю пойыздардың қозғалысы мен жолаушылардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру