Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында телефон алаяқтығының жолы кесілді

Жаңаарқа ауданында азаматтар Бидайық ауылының егде жастағы тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болуы мүмкін екенін байқап, дер кезінде полицияға хабарласқан. Олардың қырағылығы мен учаскелік инспектордың жедел әрекетінің арқасында ықтимал қаржылық шығынның алдын алуға мүмкіндік туды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаскөйлер алаяқтықтың бірнеше кезеңнен тұратын схемасын қолданған. Алдымен олар коммуналдық қызметтің қызметкерлері ретінде танысып, электр есептегішті тексеру сылтауымен SMS хабарлама арқылы келген кодты иемденген.

Кейін әйелге ХҚКО қызметкерлері мен полиция атын жамылғандар қоңырау шалған. Сенімге кіру үшін алаяқтар мессенджер арқылы жалған қызметтік куәліктердің фотосуреттерін жіберген. Осыдан соң олар әйелге психологиялық қысым көрсетіп, оны бөтен депозиттен екі миллион теңге қаражатты жымқырды деп жалған айыптай бастаған.

Болып жатқан жағдайды білген азаматтар өздері полицияға жүгінген. Хабарлама түскен бойда Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Марғұлан Өмірбекұлы оқиға орнына дереу барған. Ол әйелге қаскөйлердің қылмыстық ниетін түсіндіріп, олармен арадағы сөйлесуді тоқтатқан. Банк шоттары жедел түрде бұғатталған.

Азаматтардың полицияға уақытылы жүгінуі алаяқтардың әрекетін тоқтатып, әйелді ықтимал қаржылық шығыннан қорғауға мүмкіндік берді.

Полиция ескертеді: бейтаныс адамдарға SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтпаңыз, олардың нұсқауы бойынша қаржылық операциялар жасамаңыз. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, дереу "102" нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру