Сенім мен дайындық: кинологтың қызметтік итімен бір күні
Полиция қызметкері Әділ Алдабергеновтің жұмыс күні кабинеттен емес, төрт аяқты серігінің жағдайын тексеруден басталады. Ол қызметтік итінің күтімін жасап, денсаулығына көңіл бөледі және алдағы жаттығуларға дайындайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әділ Алдабергенов Жетісу облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында қызмет атқарады. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2023 жылы бастаған. Содан бері қызметтік итпен күнделікті жаттығу оның кәсіби қызметінің ажырамас бөлігіне айналды.

Кинолог пен қызметтік иттің әрбір әрекеті мұқият пысықталады. Бағыныштылық, із кесу, түрлі кедергілерден өту және арнайы тапсырмаларды орындау – барлығы тұрақты дайындық пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өйткені қызмет барысында кейде шешім қабылдауға санаулы секундтар ғана беріледі.
Кинолог үшін қызметтік ит – жай ғана көмекші емес, сенімді серік. Күнделікті жаттығу мен бірлескен қызмет олардың арасында берік байланыс қалыптастырады. Уақыт өте келе маман төрт аяқты серігінің мінез-құлқын, қимылын және әр әрекетін сөзсіз түсінуге үйренеді.
Кинологтар қызметтік иттерімен бірге жедел-профилактикалық және іздестіру іс-шараларына қатысады. Олар аумақтар мен нысандарды тексеріп, іздестіру жұмыстарына атсалысады және полицияның өзге бөлімшелеріне қызметтік міндеттерді орындау барысында көмек көрсетеді.
Қызметтік иттің санаулы минутта көрсеткен нәтижесінің артында кинологтың күнделікті еңбегі, шыдамдылығы мен үздіксіз жаттығуы тұр.
Кинологтың бір күні – адам мен төрт аяқты серігінің өзара сеніміне негізделген тынымсыз қызмет. Оларды біріктіретін ортақ мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыспен күреске үлес қосу.
