Алматыда полиция 6 мас жүргізушіні тоқтатты
Алматыда полиция 6 мас жүргізушіні тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған республикалық "Қауіпті жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Алдын алу шараларының негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Оның барысында жол қозғалысына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесуге ерекше назар аударылады.
- Жол қауіпсіздігі мәселелері – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Патрульдік экипаждар күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Авариялық жағдайларға тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтар бойынша бақылау айтарлықтай күшейтілді, – деп атап өтті Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Тимур Серікұлы.
Соңғы тәулікте полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарудың алты фактісін, мемлекеттік нөмірсіз жүрген 12 жүргізушіні, сондай-ақ жалған нөмір қойылған екі көлікті және өзге де бірқатар өрескел құқық бұзушылықты анықтады.
Профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
