Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карима Ниязова – жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі

Атырау облысында қызмет етіп жүрген тәжірибелі учаскелік инспектор Карима Ниязова жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.

Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – учаскелік инспектордың басты міндеті. Сол еңбектің алдыңғы шебінде жүрген жанның бірі – тәжірибелі учаскелік инспектор Карима Ниязова. 14 жыл бойы бір салада табан аудармай еңбек етуі оның кәсіби деңгейін шыңдап, учаскелік полиция жұмысының барлық қырын терең түсінуіне мүмкіндік берді.

Атырау облысы, Құрманғазы ауданының тумасы Карима 2016 жылы ҚР ІІМ Ақтөбе заң колледжін тәмамдаған соң, бірден кәсіби жолын учаскелік инспектор қызметінен бастап, осы күнге дейін адалдық пен жауапкершілікті басты қағида етіп келеді. Жұмыстың қарбаластығы, тәулік бойы қозғалыста жүру, әртүрлі оқиғалардың күрделілігі – оның жігерін жасытып емес, керісінше шыңдай түскен. Әріптестері мен тұрғындар арасында беделге ие болуына да осы мінезі себепші.

Учаскелік инспектордың ең күрделі міндеттерінің бірі – отбасылық жанжалдардың алдын алу. Карима Ниязоваға жүгінгенде тұрғындар ең алдымен маманның сабырлылығына, тыңдай білетін қасиетіне сенім артады. Жанжал шыққан жағдайда ол оқиға орнына барып, екі тараппен жеке сөйлесіп, мәселенің түп-төркінін анықтайды. Алғаш рет орын алған келіспеушіліктерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасылық қатынасты реттеуге бағытталған кеңестер береді. Егер жағдай жиі қайталанса, ол отбасы ерекше бақылауға алынып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Балалармен жұмыс – Кариманың күнделікті қызметінің маңызды бөлігі. Ол мектептерде жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздік дағдылары туралы түсіндіреді. Жас буынның қателікке ұрынбауы үшін жүргізілетін мұндай профилактикалық шара – оның қызметінің маңызды бағытының бірі.

– Таңғы сегізде жұмыс күнім басталады. Маған қарасты аумақта шамамен 4800 тұрғын тұрады, сондықтан күні бойы қозғалыста жүремін. Қажетті құжаттарды реттеген соң елді мекенді аралауға шығамын. Үйлерге кіріп, тұрғындардың мәселесін тыңдап, олардың ұсыныстарын жазып аламын. Әсіресе ұрлық, көшеде балалардың қараусыз жүруі, түнгі уақытта жастардың тәртіп бұзуы сияқты жағдайлардың алдын алу туралы жиі айтып түсіндіремін, – дейді учаскелік инспектор.

Кариманың кәсібилігі еленіп, 2023 жылы ол аудан бойынша "Үздік учаскелік инспектор" атанды, осылайша табысты еңбегін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тұрғындардың тыныштығын қорғауды өзіне парыз еткен Карима Нұрланбекқызы – бүгінгі қоғамдағы мықтылық пен жауапкершіліктің бейнесі. Қиындыққа мойымай, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу жолында күн сайын қажырлы еңбек етіп жүрген ол – батыр қыздардың лайықты үлгісі. Оның еңбегі – тек кәсібиліктің ғана емес, мейірім мен жауапкершіліктің де жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру