Көлік полицейлері студенттерге ашық есік күнін өткізді
Көлік полицейлері студенттерге ашық есік күнін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінде ашық есік күні өтті. Іс-шараға Астана қаласының Теміржол және Басқару колледждерінің 50-ден астам студенті қатысты. Іс-шараны көліктегі ПД бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев ашты. Ол заң мен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеті екенін айтып, бүгінгі акцияның мақсаты да жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, жастардың құқықтық сауатын арттыруға және оларды ішкі істер органдарында қызмет етуге тартуға бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шәймерденов сөз сөйледі. Есболат Шәймерденов жиналғандарға ішкі істер органдарына қызметке орналасу мүмкіндіктері, қабылдау тәртібі мен полицейлерге берілетін жеңілдіктер туралы, сондай-ақ жедел қызметтердің ерекшеліктері туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Ресми бөлімнен соң студенттер департаментің музейін тамашалап, көлік полициясының тағлымды тарихымен және оның қалыптасуы жолымен, қызметкерлердің күнделікті жұмысының шынайы көрінісімен жан-жақты танысты. Архивтік материалдар студенттерге қызметтің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және департамент жұмысының маңызын сезінуге мүмкіндік берді. Департаменттің саптық алаңында студенттер үшін жедел қызметтердің жұмысы көрсетілді.

Қызметкерлер ауыр қылмысты тергеуге байланысты жағдайды үлгі ретінде көрсетіп, оқиға орнын қарау процесін жүргізді. Ол дрондарды пайдалана отырып ашық алаңда өтті, бұл оқиға орнын тіркеудің заманауи әдістерін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұған қоса студенттер жедел-криминалистикалық басқармасы қызметімен де танысуға мүмкіндік алды. Тәжірибелі мамандар оқиға орнын қарау тәртібін, қызметкерлердің жабдықтарын, криминалистикалық чемоданның құрамын көрсетті.
Сондай-ақ олар шыны ыдыстан, қағаз бетінен және басқа да беттерден тері-без май іздерін алу тәсілдерін, сараптамалық тәжірибеде қолданылатын айғақтарды бекітудің қазіргі заманғы тәсілдерін көрсетті.
Өз кезегінде кинологиялық қызмет орталығының инспекторлары қызметтік-іздестіру иттерінің тыйым салынған заттарды анықтау мүмкіндіктерін көрсетіп, олардың дайындығы мен дрессировкасы, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау кезінде кинолог пен иттің өзара әрекеттесуі туралы айтып берді.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар студенттердің барлық сұрақтарына жауап беріп, түлектерді ішкі істер органдарына және болашақ полицейлер даярлайтын ҚР ІІМ-нің оқу орындарына білім алуға шақырды.
