Абай облысында полицейлер жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлікті ұстады
Абай облысында полицейлер жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлікті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қауіпті жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шара аясында Абай облысының полиция қызметкерлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі орнатылған автокөлікті анықтады.
"Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешені жүйесі арқылы мониторинг жүргізу барысында құқық қорғаушылардың назарын күдікті автокөлік аударды.
Ақпарат дереу патрульдік полиция батальонының жеке құрамына жеткізілді. Ұйымдастырылған іс-қимыл нәтижесінде автокөлік тоқтатылып, арнайы тұраққа қойылды.
Құжаттарды тексеру барысында көлікте орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің жалған екені анықталды.
Көлікті басқарған 43 жастағы жүргізушіге жалған нөмірді пайдалану және сақтандыру полисінің болмауы бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Полиция азаматтарға жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланудың өрескел құқық бұзушылық екенін ескертеді және заң талаптарын сақтауға, өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігін сақтауға шақырады.
