Қарағанды облысында полицейлер көлікті айдап әкеткен азаматты ұстады
Қарағанды облысында полицейлер көлікті айдап әкеткен азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Саран қаласында автокөлікті ұрлау дерегі жедел түрде ашылды. 20 жастағы жергілікті тұрғын дүкенге қысқа уақытқа бас сұғып, көлігін оталдырылған күйде қалдырып кеткен. Оның бұл бейқамдығын пайдаланып, белгісіз азамат көлікті айдап әкеткен. Артқы орындықта жәбірленушінің досы ұйықтап жатқан. Бірнеше минуттан кейін оралған көлік иесі темір тұлпарының жоғалғанын бірден аңғарған.
Полиция шақырылған сәттен-ақ әрекетке көшті. Ұрланған көлікке қатысты ақпарат жақын маңдағы барлық патрульдерге дереу таратылды. Көп ұзамай тәртіп сақшылары сипаттамаға сәйкес келетін автокөлікті жанармай құю стансаларының бірінен байқап қалады.
Полицейлер жақындап келгенде, оның шынымен де іздестіріліп жатқан көлік екені расталды. Рөлде мас күйінде болған 26 жастағы ер адам отырған. Полицейлер құқық бұзушыны сол жерде құрықтады.
Көлікті айдап әкету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу басталды. Ал алкогольдік мас күйінде көлік басқарғаны үшін күдікті сот алдына жеткізілді. Сот шешімімен күдікті 20 тәулікке қамауға алынып 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
