Жамбыл облысында полицейлер профилактикалық рейдті күшейтті
Жамбыл облысында полицейлер профилактикалық рейдті күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтерді күшейтті. Өткен аптада полиция бөлімдеріне 115 жасөспірім жеткізіліп, 176 әкімшілік хаттама толтырылды. Қиын өмірлік жағдайға тап болған жеті бала облыс әкімдігіне қарасты балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Дұрыс тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін 48 ата-анаға тиісті шаралар қабылданды. Сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарды мекемелерінде болғанына жол берген бес нысан иесі де жауапкершілікке тартылды. Үлкендердің қарауынсыз жүрген 111 жасөспірім және түнгі ойын-сауық орындарында жүрген төрт жасөспірім анықталды. Бұзақылықтың сегіз фактісі тіркелді.
Рейдтердің бірінде Тараз қаласындағы интернет-клубтан полицейлер кешкі уақытта жасырын келіп, ойын ойнаған 14 жастағы жасөспірімді анықтады. Оны полиция бөліміне жеткізіп, өзімен және ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Мекеме иесі жауапкершілікке тартылды.
— Мұндай шаралардың мақсаты — жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандарды қорғау. Түн — балаларға арналған уақыт емес, — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Алишер Қалышев.
