Абай облысында полиция жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті
Абай облысында полиция жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында түн мазасыз өтті. Қолайсыз ауа райы автожолдардағы қалыпты қозғалыс ырғасын бұзып, полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар мамандары халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстады.
Қалбатау ауылындағы бекетте сағат 03:00-де 14 жүк көлігі мен 5 жеңіл автокөлік тоқтатылды. Жалпы саны 23 адамды құрады. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты олардың қозғалысы уақытша шектелді. Ұсынылғанына қарамастан, азаматтар көліктерін тастамай, уақытша орналастыру пунктіне барудан бас тартты.
Осы уақытта Зайсан – Өскемен бағытындағы рейстік автобустың жолаушылары ТЖД қызметкерлері арқылы эвакуацияланып, Б.Тұрлыханов атындағы спорт мектебіне жеткізілді. 35 адам, оның ішінде 4 бала жылы жерде көмек көрсетіліп, орналастырылды.
Бұл бағыттағы жол қозғалысы тұрақты болды, көлік жиналуы тіркелген жоқ.
Үржар бекетінде 7 жеңіл автокөлік тоқтап, барлығы 21 адам жолдың ашылуын күтті. Азаматтарға қауіпсіз орын ұсынылғанымен, олар оны қабылдамай, көліктерінде қалуды жөн көрді.
Аягөзде түнгі уақытта 12 жүк көлігі, 5 Газель және Семей – ҚХР (Шәуешек) бағытындағы рейстік автобус тоқтатылды. Жалпы 28 адам, оның ішінде автобустың 11 жолаушысы болды. Олар да уақытша орналастырудан бас тартып, жолдың ашылуын күтті.
Полиция азаматтарды қолайсыз ауа райында ұзақ жолға шықпауға, ауа райы болжамын қадағалауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтердің нұсқауларын қатаң сақтауға шақырады.
