Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жоғалған телефонды иесіне қайтарды
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жоғалған телефонды иесіне қайтарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген 5513 әскери бөлімінің әскери жасағы қызметтік міндетін атқару барысында жол жиегінде жатқан қымбат ұялы телефонды байқайды. Табылған зат туралы олар дереу әскери жасақтың кезекшісіне хабарлаған.
Араға аз уақыт салып, телефонға қоңырау түседі. Қоңырау шалған — ұялы телефонын жоғалтып алған жас тұрғын болып шыққан. Жоғалған затын іздеп келген бозбаланың шынымен де телефон иесі екеніне көз жеткізген соң, әскери жасақ оны учаскелік полиция пунктіне жеткізіп, қажетті құжаттарды ресми түрде рәсімдеп, телефонды заңды иесіне қайтарып берді.
Әскери жасақ құрамында топ басшысы қатардағы Вячеслав Ким мен патрульдеуші сарбаз қатардағы Александр Остапенко қызмет атқарған. Топ жетекшісі өздеріне жүктелген міндеттің маңызын атап өтті:
- Ұлттық ұлан сарбазы үшін ең басты құндылық - тәртіп пен адалдық. Табылған затты иесіне қайтару арқылы біз азамат алдындағы жауапкершілігімізді көрсеттік. Қызмет барысында әрдайым қырағы әрі адал болу — біздің басты парызымыз, - деді қатардағы Вячеслав Ким.
Телефон иесі ұландық сарбаздарға шынайы алғысын білдіріп, олардың адал қызметіне ризашылығын жеткізді.
Қырағылық пен әділдік - Ұлттық ұлан жауынгерінің басты қаруы. Мұндай игі істер әскери қызметшілердің ел алдындағы адал міндетін тағы бір мәрте дәлелдей түседі.
