Астанада тәртіп сақшылары есірткі жарнамаларына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр
Астанада тәртіп сақшылары есірткі жарнамаларына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицейлер есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы бағытталған профилактикалық жұмысты тұрақты түрде жалғастырып келеді. Жыл басынан бері полиция департаментінің қызметкерлері қала аумағында 2500-ден астам есірткіге қатысты граффитиді жойды.
Сонымен қатар "Астана жастары" еріктілері, әкімдік өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен блогерлердің қатысуымен 70-тен астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Тыйым салынған контентті таратқан 1200-ден астам интернет-ресурс бұғатталды.
Бұдан бөлек Астана қаласы полиция департаменті жанынан наркобұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты — полиция, мемлекеттік органдар және қоғам күштерін біріктіре отырып, есірткі қатеріне қарсы күресу және "Астана — есірткісіз қала" акциясын ілгерілету.
Полиция азаматтарды белсенді болуға, есірткіні насихаттау және заңсыз айналым фактілеріне бейжай қарамауға, мұндай жағдайлар туралы дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырады.
