Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда оқушыларға арналған құқықтық дәрістер өткізілді

Павлодарда оқушыларға арналған құқықтық дәрістер өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәмелетке толмағандарды олардың құқықтары мен міндеттері туралы хабардар ету, сондай-ақ қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Павлодар облысының полиция қызметкерлері Павлодар қаласындағы №29 мектептің 8-сынып оқушыларымен құқықтық ақпараттандыруға арналған кездесу өткізді.

Кездесу барысында Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Анар Конқаева сөз сөйлеп, оқушыларға көшелерде және қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта қоғамдық орындарда болуын шектеуге қатысты заң талаптарын сақтау қажеттігін еске салды.

Құқық қорғау органы өкілі қызметтік тәжірибеден мысалдар келтіре отырып, оқушыларға әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтың мәні мен оның басталу жасын түсіндірді. Сонымен қатар есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, алкоголь мен темекіні тұтынудың адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зиянды салдары туралы кеңінен баяндады.

Кездесу барысында жасөспірімдердің бос уақытының көп бөлігін өткізетін цифрлық кеңістіктегі жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударылды. Интернеттегі мінез-құлық, ақпараттық қауіпсіздік және заң талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін, адалдық пен заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Жастарға жастайынан ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын түсіндіру өте маңызды. Біз оқушыларды заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға, бір-біріне және айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырамыз, – деді Анар Конқаева.

Сондай-ақ ол мұндай кездесулердің тұрақты түрде ұйымдастырылатынын, сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен де түсіндіру кездесулері өткізілетінін атап өтті. Себебі бала тәрбиесі ең алдымен отбасы мен жақындарының жауапкершілігінен басталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру