Павлодар облысында қырағы такси жүргізуші зейнеткер әйелді алаяқтардан құтқарды
Павлодар облысында қырағы такси жүргізуші зейнеткер әйелді алаяқтардан құтқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының зейнеткер тұрғыны өзін энергоорталықтың қызметкеріміз деп таныстырған алаяқтардың арбауына түсе жаздады. Есептегішті тексеру және пломбалау жүргізіледі деген сөзге сенген әйел жіберілген сілтемелер арқылы өтіп, қылмыскерлерге 8,5 млн теңге бермек болған.
Алаяқтар алдымен зейнеткерге қоңырау шалып, өздерін энергокомпания қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар есептегішке тексеру жүргізу үшін сервистен келген кодты айту қажет екенін жеткізген. Күмәнданбаған әйел аталған кодты хабарлаған.
Арада біраз уақыт өткен соң оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласып, алаяқтар оның ақшасын иемденбек болып жатқанын айтып, қаражатты "қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігін жеткізген. Сонымен қатар сол күні курьер келіп, ақшаны алып кететіні де айтылған.
Зейнеткер ойланбастан есепшотынан 8,5 млн теңге шешіп алып, әрі қарайғы нұсқауларды күткен. Кейін қоңырау шалғандар ақшаны такси жүргізуші арқылы беру керектігін тапсырған.
— Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау бағытында жедел іс-шаралар жүргізілуде, —дейді Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Абетжанов.
Алайда алаяқтардың жоспары такси жүргізушінің қырағылығының арқасында жүзеге аспай қалды.
— Кешкі уақытта маған бір "сәлемдемені" алып кету жөнінде тапсырыс түсті. Барсам, жөнелтуші жасы үлкен әжей екен. Не беріп жатқанын, кімге тапсыратынын сұрағанымда, нақты жауап бере алмады, қатты абыржып тұрды. Күдіктеніп, әжейді таксиге отырғызып, полиция пунктіне апардым. Бұған дейін полиция қызметкерлері осындай алаяқтық схемалар туралы ескерткен еді, — дейді такси жүргізушіАлексей Бортовой.
— Полицияның жедел әрекеттері мен такси жүргізушінің қырағылығының арқасында ірі көлемдегі алаяқтықтың алдын алып, ақшамды сақтап қалдым, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Галина Андреевна.
Полиция азаматтарды тағы да барынша сақ болуға шақырады. Ешбір мемлекеттік орган немесе банк қаражатты "сақтауға" алмайды және курьер жібермейді. Мұндай сипаттағы кез келген қоңырау — алаяқтық екенін естен шығармаған жөн.
