"Заң мен тәртіп": Өскеменде облыстық жастар форумы өтті
"Заң мен тәртіп": Өскеменде облыстық жастар форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 желтоқсанда Өскеменде ZAN FEST: "Заң мен тәртіп — жастар таңдауы" атты облыстық жастар форумы өтті. Іс-шараға 700-ден астам студент, жас маман және волонтер қатысып, форум жастар мен мемлекеттік және қоғамдық институт өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Форумға ШҚО әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдаспекұлы, "Ырыскелді қажы" мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова, сондай-ақ прокуратура, экономикалық тергеу департаменті және "Қарызсыз қоғам" жобасының өкілдері қатысты. Бағдарламада құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру мәселелеріне көңіл бөлінді.
Осы бағытта ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Абай Бақтияров қатысушыларға мазмұнды баяндама жасады. Өз сөзінде ол жастардың бүгінгі таңдауы ертеңгі қоғамның келбетін айқындайтынын атап өтіп, заңға, денсаулыққа және жеке жауапкершілікке негізделген саналы шешімнің маңызды екенін айтты.
— Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жазадан емес, оның салдарын түсінуден басталады. Жастар қауіпті ұсыныстарға “жоқ” деп айта білуі керек, әрі заң әрдайым дұрыс таңдау жасаған азаматтардың жағында, — деді Абай Бақтияров.
Форум аясында полиция департаментінің қызметкерлері алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушыларға құқықтық сауатты арттыруға бағытталған ақпараттық материалдар таратты. Іс-шараға жоғары оқу орындарының және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жұмысшы және шығармашылық жастар, волонтерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, өз пікірлерін білдіріп, пайдалы кеңестер алды. ШҚО Полиция департаменті жастар арасында заңдылықты нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
https://youtube.com/shorts/VqcWa1EfNU8
