Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Жетісу облысында "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында Жетісу облысының полиция қызметкерлері азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Петардалар, фейерверктер мен салюттер жоғары қауіпті заттар санатына жатады. Әсіресе оларды тұрғын үйлерге, автокөліктерге және тез тұтанатын нысандарға жақын жерде қолдану өрттің шығуына, түрлі жарақаттарға және өзге де қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Белгіленген қауіпсіздік ережелерін елемеу мұндай оқиғалардың басты себебі болып отыр.

Пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымының алдын алу, лицензиясы жоқ тұлғалардың сертификатталмаған бұйымдарды сату фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында облыс аумағында "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері сауда нүктелерін, базарларды және жол бойындағы сауда орындарын тексеріп, сатушылардың рұқсат құжаттарының болуына, сондай-ақ өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударуда.

Еске салайық тұрғын аймақтарда пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді. Егер құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған адам жасаса, жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды заңсыз саудалау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Жетісу облысының полициясы азаматтарды сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сатып алмауға, бұйымдарды тек ресми сауда орындарынан алуға және оларды қолдану барысында барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға үндейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру