Шығыс Қазақстан облысында пиротехникалық бұйымдардың айналымына бақылау күшейтілді
Шығыс Қазақстан облысында пиротехникалық бұйымдардың айналымына бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара аясында сертификатталмаған пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар органдары бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр.
Іс-шара кезеңінде облыс аумағында барлығы 345 профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Тексеру барысында базарлар мен өзге де сауда орындары қамтылып, контрафактілік пиротехникалық өнімдер анықталып, тәркіленді. Құрылып отырған рейдтік топтардың жұмысы нәтижесінде 60 пиротехникалық бұйым айналымнан алынды.
Рейдтердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабының 1-бөлігіне сәйкес 8 әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушыларға айыппұл салынды.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті азаматтарға сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату және пайдалану үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Полиция қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді тек ресми және сертификатталған сауда орындарынан сатып алуға, сондай-ақ оларды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
