Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Талдықорған қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында полиция қызметкерлері адам көп шоғырланатын орындарда түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Түсіндіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнама талаптарын, соның ішінде қоғамдық орындарда адамның тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім киюге қатысты нормаларды кеңінен түсіндірді. Бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға арналған.

Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның жүзін толық жауып, оны көзбен тануға мүмкіндік бермейтін киім-кешек пен аксессуарларды пайдалануға тыйым салынады. Атап айтқанда балаклава, маска, никаб және бетті толық жабатын өзге де элементтер осы санатқа жатады.

Сонымен қатар бұл шектеулер бетті жаппайтын діни киімдерге қолданылмайды. Хиджаб, шейла, химар, әл-амира секілді дәстүрлі діни киімдер заң талаптарына қайшы келмейді.

Заңнамада ерекше жағдайлар да қарастырылған. Атап айтқанда, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, қолайсыз ауа райы кезінде, қызметтік міндеттерді орындау барысында, сондай-ақ спорттық, мәдени және жаппай іс-шаралар кезінде бетті жабатын киім киюге рұқсат етіледі.

Жетісу облысының полиция департаменті бұл шаралардың алдын алу сипатында екенін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуді мақсат етпейтінін атап өтеді. Басты мақсат — қоғамдық кеңістікте әрбір азамат өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінетін ашық орта қалыптастыру.

— Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Құқықтық сана мен өзара сенім деңгейі артқан сайын, қоғамдық тәртіп те нығая түседі, — дейді полиция қызметкерлері.

Құқық қорғау органдары Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарына түсіністікпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Заңдылық пен қауіпсіздік — әр азаматтың тыныштығы мен әл-ауқатының берік негізі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру