Қызылордада ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алуға арналған спорттық турнир өтті
Қызылордада ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алуға арналған спорттық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан, Астана қаласы полиция департаментінде абыроймен қызмет атқарған Әбдіғаппар Ділмановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Әбдіғаппар Ділманов — Астана қаласы полиция департаменті Алматы ауданы ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция инспекторы, 2001 жылы қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапқан.
Ол елордада қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етті. Елорда төрінде оның есімі берілген көшенің ашылуы — батыр полицейдің халқына сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрмет пен тарихи әділдіктің айқын дәлелі. Осыған орай, Қызылорда облысы полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.
Жарысқа жалпы 8 команда қатысты. Іс-шараға Астана қаласы полиция департаменті бастығының атынан арнайы Айдар Жақыпов қатысып, турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Әбдіғаппар Ділмановтың Астана қаласында қызмет атқару кезеңіндегі кәсібилігі мен ерлігіне тоқталып, мұндай тағылымды шаралардың жеке құрам үшін тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
Астана қаласы полиция департаменті бастығының атынан батырдың ата-анасына алғыс және “Қазақстан полициясына 30 жыл” төсбелгісі мен қолсағат табысталды. Аталған спорттық шараның мақсаты — бейбіт күннің батырын ұлықтау, оның ерлігін мәңгі есте сақтау, полиция қызметкерлері арасында бірлік пен өзара ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубоктар, дипломдар және арнайы марапаттар табысталды.
Іс-шара барысында Әбдіғаппар Ділмановтың Астана қаласында атқарған қызметі, оның кәсібилігі мен елге адалдығы ерекше атап өтілді. Бұл турнир — жас қызметкерлерге отансүйгіштік пен антқа адалдықтың жарқын үлгісі болды.
