Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полицейлер цифрлық технологиялар көмегімен жоғалған жасөспірімді тапты

ШҚО-да полицейлер цифрлық технологиялар көмегімен жоғалған жасөспірімді тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысында бейнесараптама жүйесінің көмегімен жоғалған кәмелетке толмаған жасөспірімнің жүрген жері қысқа мерзім ішінде анықталды.

24 желтоқсанда Глубокое аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Анасының айтуынша 16 жастағы ұлы 22 желтоқсанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Бұған дейін де мұндай жағдайлар болғаны белгілі болды.

Хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып, бейнебақылау және бейнесараптама жүйесінің мүмкіндіктерін пайдаланды. Нәтижесінде жасөспірімнің Өскемен қаласында жүргені анықталды.

Полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайға барып, баланы анасына аман-есен табыстады. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тексеру барысында жасөспірімнің жай ғана серуендеп жүргені белгілі болды. Онымен және оның заңды өкілімен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Айта кетейік, бейнесараптама жүйесі ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілген. Осы уақыт аралығында аталған жүйе хабар-ошарсыз кеткен екі адамның орналасқан жерін анықтауға, сондай-ақ іздеуде жүрген 38 тұлғаны ұстауға ықпал етті. Жалпы, 2025 жылы полиция қызметкерлері жоғалған 37 жасөспірімді тауып, отбасына қайтарды.

Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге, олардың достар ортасына назар аударып, мінез-құлқындағы кез келген өзгеріске дер кезінде көңіл бөлуге шақырады. Ал балаларға сақ болып, қандай да бір қиындық туындаған жағдайда бұл туралы ересектерге дереу хабарлаудың маңыздылығы ескертіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру