Ақмола облысында полицейлер сырт киімсіз аязда адасып қалған азаматты құтқарды
Ақмола облысында полицейлер сырт киімсіз аязда адасып қалған азаматты құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесі полиция қызметкерлері үшін тек кезекшілік пен құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар адам өмірін сақтап қалуға бағытталған оқыс жағдайлармен күрес екені белгілі. Осындай оқиғалардың бірі Бұланды ауданында болды.
Түннің бір уақытында жергілікті дәмханалардың бірінен полицияның кезекші бөліміне қоңырау түсті. Мерекелік кеште қонақтардың бірі сырт киімсіз, бір жейдемен далаға шығып кеткен. Сол сәтте далада қатты аяз болған.
Уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлері іздеу жариялап, Бұланды аудандық полиция бөлімінің жеке құрамын дабыл бойынша көтерді. Іздеу жұмыстары бірнеше көше мен аулаларда қатар жүргізілді. Ауа температурасы –30 градустан төмен түсіп, ер адам ауа райына сай киінбегені полицейлерді қатты алаңдатты.
Көп ұзамай жоғалып кеткен азаматтың Щучинск қаласының тұрғыны екені және мерекелік шараға келгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін ол адасып, белгісіз жаққа кетіп қалған.
Екі сағатқа созылған қарқынды іздеу жұмыстары нәтижесінде ер адам аудан көшелерінің бірінен тоңып қалған әрі шок күйінде табылды. Полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жылытып, жақындарына жеткізді.
Кейін құтқарылған азамат полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, бейнеүндеу жазды. Ол экстремалды ауа райы жағдайында өмірін сақтап қалуға дәл осы полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен бейжай қарамауы себеп болғанын атап өтті.
