ШҚО ПД жаңа жыл мерекелері қарсаңында азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті жаңа жыл мерекелері қарсаңында азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz
Жаңа жыл – қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Алайда мерекелік күндердің тыныш әрі қауіпсіз өтуі әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады.
Мерекелік іс-шаралар кезеңінде жол қозғалысының қарқындылығы айтарлықтай артады. Жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерлерден және бағдаршамның рұқсат етілген сигналы бойынша ғана кесіп өтулері қажет. Ал жүргізушілерден жылдамдық режимін сақтау, көлік құралын масаң күйде басқармау және ауа райының қолайсыз жағдайларын ескере отырып, аса мұқият болу талап етіледі.
Тек сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды қолданып, өндіруші нұсқаулығын қатаң сақтау қажет. Тұрғын үйлердің, автокөліктердің, ағаштардың және электр желілерінің маңында фейерверктер мен петардаларды іске қосуға тыйым салынады. Сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды балаларға беруге және жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді пайдалануға жол берілмейді.
Заңнама талаптарына сәйкес, 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің сағат 23:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде және қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынады. Ата-аналардан балалардың бос уақытын бақылап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұралады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаңыздар: жанған шамдарды, гирляндаларды және электр құралдарын қараусыз қалдырмаңыздар. Тек жарамды электр бұйымдарын қолданыңыздар. Бұқаралық іс-шаралар кезінде балаларға және жеке заттарға ерекше көңіл бөліңіздер.
