Полиция балаларды автокресломен тасымалдаудың маңызын ескертеді
Павлодар облысында полиция қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған автокреслоларды пайдалануды бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бағытында тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде.
Қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау жол-көлік оқиғасы кезінде жарақат алу қаупін арттыратын факторлардың бірі. Бұл талапты жүргізушілер мен жолаушылардың сақтамауы апат салдарының ауыр болуына әкелуі мүмкін.
Биыл Павлодар қаласында қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 8 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қауіпсіздік белдігін тағу жолдағы қауіпсіздіктің маңызды талаптарының бірі екенін ескертеді. Жол-көлік оқиғасы кезінде қауіпсіздік белдігі адамды ауыр жарақаттан қорғап, өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Полиция департаменті жүргізушілерге көлік құралын пайдалану кезінде қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағуды, жолаушылардың да бұл талапты сақтауын қамтамасыз етуді ұсынады. Балаларды тасымалдау кезінде олардың жасына және салмағына сәйкес арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғыларды пайдалану қажет.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
