Маңғыстауда полицейлер жас сақшыларды мерекемен құттықтады
Маңғыстау облысының полициясы "Жас сақшы" сыныптарындағы кішкентай көмекшілерін жаңа жылмен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері өңірдегі білім беру ұйымдарында ашылған "Жас сақшы" сыныптарына барып, жасөспірімдерді мерекемен құттықтап қайтты.
Мұнайлы ауданындағы №13 мектеп-гимназиясында өткен кездесуде аудандық полиция бөлімінің басшылығы жас сақшылармен жүздесіп, жылы лебіздерін білдірді. Полицейлер оқушыларға тәртіпті сақтау, азаматтық жауапкершілік және елге қызмет ету құндылықтары туралы айтып, болашақта құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, тәртіп пен заңдылыққа ұқыпты қарауға шақырды.
Сол күні Бейнеу ауданында да Алтынсарин атындағы мектеп жанындағы "Жас сақшы" сыныбына арнайы сапар ұйымдастырылды. Полиция басшылығы балалардың мерекелік іс-шарасына қатысып, әр оқушыға сыйлықтар табыстады. Жасөспірімдер өз өнерлерін көрсетіп, полиция қызметкерлерімен еркін әңгімелесті.

Маңғыстау облысының полициясы мұндай кездесулер жас буынның құқықтық санасын қалыптастыруға, олардың қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің маңызын түсінуіне, сондай-ақ болашақта елге қызмет етуге деген ынтасын арттыруға үлес қосатынын атап өтеді.
Полиция жас көмекшілеріне жарқын болашақ, мықты білім және биік мақсаттарға жетуді тілейді. Біз әрдайым жанымыздан табылуға дайынбыз.
