Маңғыстауда көлік полицейлері балалар үйіне мерекемен құттықтап барды
Көлік полицейлері балалар үйіндегі сәбилерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтау қаласында орналасқан Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйіне арнайы барып, онда тәрбиеленіп жатқан балаларды Жаңа жыл мерекесімен кұттықтады.
Іс-шара барысында таратылған түрлі-түсті сыйлықтар мен тәттілер, сондай-ақ концерттік бағдарлама мерекенің сәнін кіргізді. Жаңа жыл мерекесі сиқырлы әрі қуаныш атмосферасына енген сәбилер үшін жарқын оқиға болса, ал ересектер үшін әрбір баланың қамқорлықта болуы қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салғандай.
Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Нұртас Сүндетовтің айтуынша балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғам тарапынан қамқорлық пен колдауды сезінулеріне ықпал ету маңызды. Әрбір балаға қайырымдылық жасау, оларды мейірім мен жылылыққа бөлеу - үлкендердің басты міндеті екеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол әр бүлдіршіннің бейбіт аспан астында қауіпсіз балалық шағы болуы керектігін атап өтті. Сөз соңында балаларға зор денсаулық, ұзақ та бақытты өмір тіледі.
Тәртіп сақшылары балалар үйінің басшылығы мен қызметкерлеріне балаларды қанаттарының астына алып, күтіп әрі аялап жүрегендері үшін зор алғыс білдірді. Өз кезегінде балалар үйінің ұжымы да полиция қызметкерлеріне көрсеткен ілтипат пен қамқорлықтарына ризашылық білдіріп, қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
