Түркістан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бұйрығына сәйкес өңір аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылар арасындағы тәртіпті күшейту мақсатында үш күн бойы "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2345 дерегін анықтады. Нәтижесінде 256 автокөлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды.
Рейд кезінде көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 53 жүргізуші, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ 44 автокөлік, мас күйінде көлік басқарған 19 жүргізуші және қарсы қозғалыс жолағына шыққан 23 құқық бұзушы анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың автокөлік басқаруының 4 фактісін тіркеді. Аталған деректер бойынша олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері мұндай алдын алу іс-шаралары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, мас күйінде көлік басқармауға және автокөлікті кәмелетке толмағандарға жүргізуге бермеуге шақырады.
