Еңбек пен борыш жолындағы үлгі: Қабиден Жетпісовтің өмірі мен қызметі
Қабиден Жетпісов – тыл еңбеккері әрі ішкі істер органдарының ардагері. Оның өмір жолы адал еңбек пен борышқа толы, жас қызметкерлерге нағыз үлгі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысы тарихына көз жүгіртсек, ерлігі тасада қалып қойған қаһармандар аз емес. Олар майдан даласында емес, тылда жанқиярлық еңбегімен жеңісті жақындатқан жандар. Осындай қаһармандардың бірі — Павлодар облысының ішкі істер органдарының ардагері, тыл еңбеккері Қабиден Жетпісов.
Соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі кезең ел үшін аса ауыр болды. Тыл алдында қираған шаруашылықты қалпына келтіру міндеті тұрды. Қабиден Жетпісов 10 жасынан бастап-ақ адал еңбек етіп, Ертіс ауданының халық шаруашылығын қалпына келтіруге өз үлесін қосты. Бала үшін еңбек оңай болған жоқ, алайда оның табандылығы, еңбекқорлығы мен тәртібі барлық қиындықты еңсеруге көмектесті.

Еңбекпен қатар ол оқуын жалғастырып, мектепті тәмамдады және кейін өмірін құқық қорғау органдарындағы қызметпен байланыстырды. 1963 жылы ардагеріміз Кеңес милициясы қатарына қабылданды. Ұзақ жылдар бойы Павлодар облысының түзеу мекемелерінде қызмет атқарып, кейін Ильичев аудандық ішкі істер бөлімінде взвод командирі болып тағайындалды. Кейін Павлодар қаласының Ильичев АІІБ уақытша ұстау изоляторының бастығы қызметін атқарды. 1982 жылы аға лейтенант шенінде құрметті демалысқа шықты. Ішкі істер органдарындағы жалпы қызмет өтілі 20 жылдан асты.
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүрге сай, Павлодар облысының ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесі Павлодар қаласы полиция басқармасының басшылығымен бірлесіп, ішкі істер органдарының ардагері, тыл еңбеккері Қабиден Жетпісовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Павлодар облысы ІІО және ҰҰ ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Бақберді Абраев ардагерлер мен қызметтегі полиция қызметкерлерінің қатысуымен мерейтой иесін жылы лебізбен құттықтап, жас құқық қорғаушыларды тәрбиелеуге қосқан жеке үлесі мен ардагерлер қозғалысына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық пен отбасылық амандық тіледі. Іс-шара барысында Қабиден Жетпісовке Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы В.Склярдың атынан алғыс хат табысталды.
Қабиден Жетпісов Павлодар қаласы полиция басқармасы мен ішкі істер органдарының ардагерлері арасында лайықты беделге ие. Қызмет жылдары ол бірнеше рет марапатталып, I, II және III дәрежелі медальдар, "Милиция үздігі" төсбелгісі, "ІІМ-нің құрметті ардагері" атағы, "Қазақстан полициясына 30 жыл" мерейтойлық медаліне ие болған, сондай-ақ ІІБ мен ІІМ-нің грамоталарымен марапатталған.
Қабиден Жетпісовтің тәжірибесі жас қызметкерлерге үлгі болып, олардың бойында патриотизм мен жауапкершілік сезімін оятады. Кездесу соңында мерейтой иесі Павлодар облысы полиция департаментінің басшылығына және ардагерлер кеңесіне алғысын айтып, әріптестеріне мықты денсаулық пен отбасы бақыты тіледі.
