Қарағандылық азамат жаңа жыл қарсаңында алаяқтардың құрбаны болды: күдіктілер ұсталды
Қарағанды облысының полиция қызметкерлері жаңа жыл түні болған алаяқтық дерегі бойынша түскен арызға жедел үн қатып, тергеу шараларын бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстың құрбаны - 19 жастағы қала тұрғыны, ол 103 мың теңге көлеміндегі қаражатынан айырылған.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жас жігіт танысу қосымшаларының бірінде белгісіз қызбен танысқан. Қысқа хат алмасудан кейін олар кездесуге уағдаласқан. Алайда көрсетілген мекенжайға келген сәтте, күткен қыздың орнына екі бейтаныс ер адам шыққан және қорқыту арқылы ақша талап еткен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қарағанды қалалық полиция басқармасының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілерді анықтап, қолға түсірді. Олар 20 және 22 жастағы қала тұрғындары болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полиция ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды интернет арқылы танысу кезінде сақ болуға, сондай-ақ бейтаныс адамдармен жеке кездесулерде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
