СҚО-да қысқы демалыстан кейінгі алғашқы күні оқушылардың қауіпсіздігіне полиция бақылау жасады
СҚО-да қысқы демалыстан кейінгі алғашқы күні оқушылардың қауіпсіздігіне полиция бақылау жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы каникулдан кейінгі алғашқы оқу күні Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері мектептер маңында кезекшілік атқарды. Сабаққа баратын оқушылар қоғамдық тәртіп сақшыларының жақын жерде жүргенін көріп, өздерін қауіпсіз сезінді.
Өткен жылы облыста жол-көлік оқиғалары салдарынан 45 дерек бойынша 48 кәмелетке толмаған жаяу жүргінші зардап шеккен. Сондықтан каникулдан кейін балалардың толық тәртіпке бейімделмеген кезеңінде полиция қызметкерлерінің назары ерекше маңызды болды.
Қызметкерлер оқушылардың жолды дұрыс кесіп өтуін бақылап, көлік қозғалысын реттеп, белгіленбеген орындарға автокөліктердің тоқтауына жол бермеді. Бұл әсіресе қаланың қозғалысы қарқынды көшелерінде орналасқан мектептер маңында өзекті. Мысалы №23 мектепке баратын оқушылар таңертең Уәлиханов көшесін кесіп өтеді. Полиция жүргізушілерге мектеп маңында тоқтау жол қозғалысына қосымша қауіп төндіретінін түсіндірді.
Сонымен қатар ювеналдық полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, жоғары сынып оқушыларына жиі кездесетін құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті еске салды. Олар буллинг, интернет-алаяқтық және басқа да қауіптер туралы ақпарат берді.
Мұндай жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жүргізілуде. Негізгі мақсат - алдын алу шараларын қамтамасыз ету ғана емес, балалардың өзін қауіпсіз сезінуіне, қажет жағдайда қайда жүгіну керектігін білуіне және "Заң мен Тәртіп" қағидаттары негізінде ой қалыптастыруына жағдай жасау.
