Абай облысында полицейлер қарияға көмек көрсетті
Абай облысында полицейлер қарияға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аягөз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бір күнде екі ізгі іс жасап, азаматтарға көмектесудің үлгісін көрсетті. Абай облысы Аягөз аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызмет инспекторлары Абай Ақылбаев пен Ерасыл Оралгазинов қызмет барысында азаматтық жауапкершілік пен адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсетті.
Бірінші оқиға орталық мешіт маңында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде орын алды. Патрульдік полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелінен жүк тиелген шанамен жолдан өтпек болған егде жастағы азаматты байқап, дереу көмек көрсетуге кірісті. Белгілі болғандай, қарияның шанасы қара жерде жүрмей қалған.
Тәртіп сақшылары қарияны жолдан қауіпсіз өткізіп, жүгін сүйреп, жолдың қарсы бетіне дейін шығарып салды. Сондай-ақ патрульдеу барысында аталған полицейлер қала көшелерінің бірінде жолда тұрып қалған автокөлікті байқап, жүргізушіге көмектесіп, көлікті итеріп жол жиегіне шығаруға жәрдемдесті.
Бұл әрекеттер полиция қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайын екенін көрсетеді.
