СҚО-да интернет-алаяқтық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу күшейтілді
СҚО-да интернет-алаяқтық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлер Тайынша қаласына барып, аудандық полиция бөліміндегі әріптестеріне ауқымды профилактикалық іс-шара жүргізу барысында практикалық көмек көрсетті.
Тайынша — СҚО-дағы ірі аудан орталықтарының бірі. Бір күн ішінде тәртіп сақшылары түрлі есепте тұрған 79 адамды, сондай-ақ спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтынуға бейім адамдар жиналуы мүмкін 7 орынды тексерді. Қару иелеріне ерекше назар аударылды. Сақтау қағидаларын бұзудың 3 фактісі анықталды.
Тайынша қаласындағы барлық 5 мектеп қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексерілді. Мектептердің бірінде полиция қызметкерлері дабыл түймесінің жұмысын тексере отырып, оқу-жаттығу сабағын өткізді. Күзет ұйымының жедел әрекет ету тобы есептік уақыт ішінде келді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары 600-ден астам тұрғын үйді аралады. Олар тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы ескертіп, жадынамалар таратты, сондай-ақ 28 азаматқа "банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту" қызметін қосуға көмектесті.
Киберқылмыскерлерден қорғану мәселесі мектеп оқушыларымен және еңбек ұжымдарымен кездесулерде де маңызды тақырыпқа айналды. Бұдан бөлек, полицейлер буллинг пен нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал отбасын қолдау орталығында полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген адамдармен кездесті.
Жалпы, жұмыс қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жүргізілді. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 13 дерек, абаттандыру қағидаларын бұзудың 9 фактісі, жол жүрісі қағидаларын бұзудың 13 дерегі анықталды.
Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған осындай форматтағы профилактикалық іс-шаралар бұған дейін Булаево аудан орталығында өткізілген. Алдағы уақытта СҚО ПД аппараты қызметкерлерінің басқа да аудандарға шығуы жоспарланып отыр.
