Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Министрдің орынбасары іссапармен БҚО-ға барды

БҚО полиция департаментінде жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адиловтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес барысында 2025 жылғы жедел қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды.

Іс-шараға БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев, оның орынбасарлары, басқарма, қала және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, сондай-ақ жеке құрам қатысты.

Кездесу барысында министрдің орынбасары Мемлекет басшысының мақаласында айқындалған ел басшылығы мен Ішкі істер министрлігінің талаптарын, сондай-ақ министрлік алқасының 2025 жылғы жедел қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша негізгі тезистерін жеткізді.

Кеңес барысында Ішкі істер министрлігінің 2026 жылға арналған бірқатар тапсырмалары айқындалды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны айтылып, бұл бағыт ІІМ қызметінің алдағы кезеңдегі басым бағыты болатыны атап өтілді.

Санжар Адилов ішкі істер органдары қызметінің барлық негізгі бағыттарына назар аударды. Атап айтқанда, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидатын бұдан әрі ілгерлету айтылды.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) қолданудың маңызына ерекше тоқталды. Дрондар құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау, сондай-ақ қылмыстарды ашу мақсатында тиімді пайдаланылуы тиіс.

Министрдің орынбасары квадрокоптерлерді тек арнайы оқытылған қызметкерлер ғана емес, басшылық құрам да меңгеруі қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар қылмыс деңгейін төмендету, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дамыту және тереңдету, қызметке цифрлық әрі интеллектуалды шешімдерді белсенді енгізу, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Кеңесте ішімдіктен бас тартқан ауылдарды қолдау, "Жас сақшы" сыныптарының желісін кеңейту, мал ұрлығы мен интернет-алаяқтықтың алдын алу, елді мекендерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері арасындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесінде Ішкі істер министрлігінің ұстанымы қатаң екені атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру