Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спортшылары ел абыройын асқақтатты

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметкерлері 2025 жылы байрақты бәсекелерде жоғары нәтижелер көрсетіп, әскердің халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық беделін нығайтуға үлес қосты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Былтыр құқықтық тәртіп әскерінің жауынгер-спортшылары Қазақстан аумағында және шетелдерде өткен 14 халықаралық және 29 республикалық жарысқа қатысып, жалпы саны 100 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 30 алтын, 25 күміс және 45 қола жүлде бар.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінен құралған құрама командалар "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ведомствоаралық спартакиадада да жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде қазақ күресінен – екінші орын, спорттық самбодан – бірінші орын, дзюдодан – бірінші орын, жауынгерлік қарудан оқ атудан – үшінші орын иеленді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық ұланда спорттық разрядтар да белсенді орындалған. Атап айтқанда, спорт шебері – 17 адам, спорт шеберлігіне кандидат (КМС) – 100, 1-разряд – 169, 2-разряд – 683, 3-разряд – 1331. Жалпы 2300 разрядты спортшы есепке алынды.

Жарыс қорытындылары бойынша, Ұлттық ұланның жыл үздігі ретінде ТОП–5 спортшыны атауға болады. Олар: Сапар Болат, Нұрсұлтан Нұрсейітов, Арман Тұрымбетов, Мәди Амангелді және Тілек Тоқтасынұлы.

Мәселен 2025 жылы 5451 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Болат Сапар бірқатар ірі жарыста жүлделі орындарға ие болды. Ол Алматыда өткен ҚР Қорғаныс министрінің ашық чемпионатында самбодан 98 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ақтауда ұйымдастырылған жағажай самбосынан Қазақстан чемпионатында 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде топ жарып, тағы бір алтын жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар тамыз айында Сингапурда өткен жағажай самбосы бойынша V әлем чемпионатында қола медаль иеленді.

6654 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Нұрсұлтан Нұрсейітов те бірқатар жарыста жүлделі орыннан көрінді. Ол Алматыда өткен ҚР Қорғаныс министрінің ашық чемпионатында самбодан 71 келіге дейінгі салмақта 3 орын иеленді.

Семейде ҚР ІІМ XII Спартакиадасы аясында өткен дзюдо турнирінде 66 келіге дейінгі салмақта 2 орынға тұрақтады. Ақтауда ұйымдастырылған жағажай самбосынан Қазақстан чемпионатында 71 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Петропавлда өткен ІІМ Спартакиадасындағы «Қазақ күресі» жарысында 66 келіге дейінгі салмақта 1 орын алды.

Ал 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Арман Тұрымбетов халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Ол Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен жауынгерлік самбодан әлем кубогында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3 орын алып, қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ қарашада Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен спорттық және жауынгерлік самбодан мерейтойлық әлем чемпионатында да 58 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың сәуір айында жауынгерлік самбодан Азия және Океания чемпионатында күміс медаль иеленген.

5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мәди Амангелді Семей қаласында мамыр айында өткен ҚР ІІМ XII Спартакиадасы аясындағы дзюдо жарысында жоғары нәтиже көрсетті. Генерал-майор Рафик Хайдаровты еске алуға арналған турнирде ол 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1 орын алды. Аталған жарыста Ұлттық ұланның құрама командасы да жалпыкомандалық есепте 1 орынға шығып, турнир жеңімпазы атанды.

2025 жылы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Тілек Тоқтасынұлы бірнеше ірі жарыста жүлделі орындарға ие болды. Ол да Семейде өткен ҚР ІІМ XII Спартакиадасы аясындағы дзюдо турнирінде 81 келіге дейінгі салмақта 1 орын алып, алтын медаль жеңіп алды және жарыста «Үздік техника» жеке номинациясына лайық деп танылды. Петропавлда өткен ІІМ Спартакиадасының «Қазақ күресі» сайысында 74 келіге дейінгі салмақта 2 орын иеленіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Қарағандыда өткен ҚР ІІМ XII Спартакиадасы аясындағы спорттық самбо жарысында 79 кг салмақта 1 орын алып, ұландықтар командасының жалпыкомандалық есепте алғаш рет чемпион атануына үлес қосты. Сонымен қатар Түркістанда өткен қазақ күресінен Азия чемпионатында 74 кг дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан өкілдері спорттық жетістіктері арқылы әскери қызметтің беделін арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы спорттық имиджін көтеруге де үлес қосып келеді. Бұл ретте Елдос Сметов, Милад Карими, Абиба Әбужақынова, Назым Қызайбай, Санжар Тәшкенбай сыңды өзге де ұландық-спортшыларымыздың шоқтығы биік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру