"Заң мен тәртіп": Павлодар тұрғындары цифрлық сервис арқылы полицияға жүгінуде
Павлодар тұрғындары цифрлық сервис арқылы полицияға жүгінуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы хабарлау үшін цифрлық сервисті белсенді пайдалануда. Оның көмегімен азаматтар Egov Mobile және интеграцияланған банктік қосымшалар арқылы құқықбұзушылықтар жөнінде тікелей хабарлай алады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін мәтіндік немесе бейнеөтінішті жылдам әрі оңай жіберуге мүмкіндік беретін жеке белгіше жасалған.
Оқиғалар туралы хабарламалар жедел түседі, ал полиция ақпаратты алған сәттен бастап бірден әрекет етеді. Сервис тәулік бойы, еліміздің барлық өңірінде қолжетімді және Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" бастамасы аясында ІІМ жұмысының цифрландыру процесінің бір бөлігіне айналды.
– Жыл басынан бері сервисті 51 адам пайдаланған. Өтініштердің жалпы санынан 10-ы Омниканальді жүйе арқылы, 29-ы — "Egov Mobile" арқылы, ал 12-сі — Kaspi.kz қосымшасы арқылы түскен. Мәселен, Академик Бектұров көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны "Egov Mobile" қосымшасы арқылы түнгі уақытта подъезд маңында екі ер адамның шулағаны туралы полицияға хабарлаған. Құқық қорғау органдары бұзақыларды анықтап, тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты, – деді Павлодар облысы ПД жедел басқару орталығының бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденов.
Полиция өкілдері жобаның басты мақсаты – азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды барынша жедел әрі қолайлы ету, сондай-ақ көмекті әрбір адамға қолжетімді ету екенін атап өтті.
