Жамбыл облысында полиция жайылымдағы жылқыны атып алғандарды қолға түсірді
Жамбыл облысында полиция жайылымдағы жылқыны атып алғандарды қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талас ауданының тұрғыны жайылымдағы жылқыларын тексеру кезінде іс-әрекеттері күдік тудырған Volkswagen Passat көлігіндегі адамдарды байқап, учаскелік полиция қызметкеріне хабар берген.
Полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдап, автокөлік Үшарал ауылы маңында тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің жүк салғышы мен салонынан бір бас жылқының бөлшектелген еті, сондай-ақ мал союға арналған құралдар мен аңшы мылтығы табылып, тәркіленді.
Күдіктілер жайылымда жылқыны атып алып, сол жерде сойғаны белгілі болды.
Аталған дерекке қатысты ҚР заңнамасына сәйкес мал ұрлауға оқталу фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
49 және 65 жастағы екі күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген талдауға сәйкес, мал ұрлығының басым бөлігі жайылымдардан жасалатынын көрсетті. Бұл көбіне мал иелерінің малды ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдыруымен байланысты.
Полиция азаматтарды өз малдарын қараусыз қалдырмауды, чип құрылғыларын салуды және күдік тудырған жағдайлар туралы тез арада полицияға хабарлау керегін ескертеді.
