Алматыда ПД бастығы өңірдегі полиция қызметіне жаңа басымдықтар енгізуде
Алматыда ПД бастығы өңірдегі полиция қызметіне жаңа басымдықтар енгізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінің жаңа басшысы Айдын Кабдулдинов аумақтық бөліністерге жұмыс сапарларын бастады. Алғашқы сапар аясында ол Алмалы аудандық полиция басқармасына барып, жедел қызмет бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесу өткізді.
Жұмыс кездесулері барысында департамент басшысы жедел ахуалмен, қызмет өткеру жағдайларымен, материалдық-техникалық базамен және кадрлық әлеуетпен танысуда. Сонымен қатар тәртіп пен қызметтік әдеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
– Алматы – елдегі ең ірі мегаполис, халқы тығыз орналасқан, көші-қон үдерісі белсенді, көлік қозғалысы қарқынды қала. Осындай жағдайда полиция қызметкерлеріне қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша ерекше жауапкершілік жүктеледі. Мұнда заң мен тәртіп жай ғана ұран емес, әр қызметкердің күнделікті жұмыс қағидатына айналуы тиіс. Біздің ұйымшылдығымызға, кәсібилігімізге және адалдығымызға қала тұрғындарының тыныштығы мен ертеңгі күнге деген сенімі тікелей байланысты. Полиция қызметкері заңға мойынсұнудың, сабыр мен адамдарға құрметтің үлгісі болуы керек. Біз құқық бұзушылықтарға тек жауап беріп қана қоймай, олардың алдын алып, азаматтармен әрдайым байланыста болып, оларды естуіміз қажет, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Сондай-ақ департамент басшысы полиция қызметінің негізгі басымдықтары ретінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес, жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке құрамның қызметтік тәртібі мен жауапкершілігін нығайтуды атады.
Аумақтық бөліністерге жұмыс сапарлары жалғасатын болады. Оның қорытындысы бойынша полиция жұмысының тиімділігін арттыруға және Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын жақсартуға бағытталған нақты басқарушылық шешімдер қабылданады.
