Семейде ҚАЖ қызметкерлері оқушыларға профилактикалық іс-шара ұйымдастырды
Семейде ҚАЖ қызметкерлері оқушыларға профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жоғары сынып оқушыларының қатысуымен онлайн профилактикалық іс-шара өтті. Іс-шара жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және өмірлік жолды таңдауда жауапкершілік қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында 26 жастағы сотталған азамат өзінің жеке өмірлік тарихымен бөлісті. Колледжді тәмамдағаннан кейін ол оқу мен жұмысты қатар алып жүру мақсатында Астана қаласына барған.
Оның айтуынша, алғашқы кезеңде бәрі жақсы болғанымен, уақыт өте келе тұрғын үйді жалға алу мен несиелерді төлеуге байланысты қаржылық қиындықтар туындаған. Қосымша табыс табу мақсатында ол икемді жұмыс кестесі мен жоғары жалақысы бар курьерлік жұмыс туралы хабарландыруға келісім берген.
— Алғашында ақша оңай табылып жатқандай көрінді. Қарыздарымды жауып, кейін адал өмірге қайта ораламын деп ойладым. Алайда көп ұзамай құқық қорғау органдарының қызметкерлері мені ұстады, — деп баяндады сотталған.
Қазіргі таңда ол үш жылдан бері жазасын өтеп келеді және он бір жылға бас бостандығынан айырылған. Мектеп оқушыларына үндеу жасап, ол өз қателіктерін қайталамауға және оңай табысқа алданбауға шақырды.
— Жеңіл ақша болмайды. Еркіндіктен қымбат ештеңе жоқ. Есірткі қолданбаңыздар және оны сақтау мен таратумен айналысатын адамдардан аулақ болыңыздар. Өздеріңізді, отбасыларыңызды және болашақтарыңызды қорғаңыздар, — деп атап өтті ол.
— Бұл кездесу әрбір әрекеттің салдары бар екенін ойлануға мүмкіндік берді. Мұндай оқиғаны өз басынан өткерген адамнан естігенде, заңға және болашаққа деген көзқарасың өзгереді, — деп бөлісті жоғары сынып оқушыларының бірі.
— Осындай іс-шаралардың профилактикалық маңызы зор. Мұндай кездесулердің басты мақсаты — жастарға заңға қайшы әрекеттердің нақты салдарын көрсету. Тірі мысал мен шынайы әңгіме жасөспірімдерге еркіндіктің, отбасының және заңға бағынған өмір салтының құндылығын түсінуге көмектеседі, — деді сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Максат Серікханов.
Сотталғандардың қатысуымен өтетін профилактикалық кездесулер қылмыстық-атқару жүйесімен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысы аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған.
