Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері студенттермен кездесті
Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Заң мен Тәртіп” идеологиясын ілгерілету, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінің тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Жеңіс Ернияз және тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметов Болашақ университетінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында сала мамандары студенттерге құқыққа қарсы әрекеттердің салдары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, қазіргі қоғамда жиі кездесетін дроперлік, алаяқтық, бұзақылық, есірткі заттарының адам өмірі мен денсаулығына тигізетін зияны, жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ заңсыз аңшылық мәселелері жан-жақты айтылды.
Студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары түсіндіріліп, нақты мысалдар арқылы дәріс оқылды. Сонымен қатар іс-шара барысында сотталған азаматтардың өз қателіктеріне өкініш білдірген видеоролик көрсетілді.
– Заңды білу – әр азаматтың міндеті. Ал заңды сақтау – болашағымыздың кепілі. Көптеген қылмыстар жастардың аңғалдықпен немесе жауапсыздықпен жасаған әрекеттерінің салдарынан туындайды. Біз бүгінгі кездесуде сол қателіктердің алдын алуды, заң бұзудың орны толмас өкінішке әкелетінін жеткізуді мақсат еттік, – деп атап өтті Жеңіс Ернияз.
Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып, заңға деген құрметін нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз.
