Алматыда есірткі жарнамасына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде
Алматыда есірткі жарнамасына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда полиция қызметкерлері есірткі құралдарын жарнамалау, оларды таратумен айналысатын интернет-сайттар мен осы саладағы ұсыныстарды анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Полицияның белсенді шараларына қарамастан, кейбір азаматтар әлі күнге дейін мұндай жазбалар мен сілтемелер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделмеген деп қате ойлайды.
Өткен жылы қала аумағында 800-ден астам рейдтік іс-шара өткізілді.
Нәтижесінде есірткі жарнамасы мен тыйым салынған контент тарататын интернет-ресурстарға сілтемелері бар 15 мың 400-ден астам жазба жойылды. Анықталған барлық сілтемелер мен Telegram-арналардың атаулары мемлекеттік "Киберқадағалау" ақпараттық жүйесі арқылы бұғаттауға жолданды.
Сондай-ақ өткен жылы есірткі жарнамасын жасаумен айналысқан 8 "наркосуретші" сотталып, оларға бас бостандығынан айыру түріндегі нақты жаза тағайындалды.
– Қабырғалардағы жазулар, мессенджерлердегі сілтемелер мен есірткі саласындағы жұмыс туралы хабарландырулар – бұл бұзақылық та, болмашы құқық бұзушылық та емес. Бұл – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет. Есірткіні жарнамалағаны үшін нақты жаза, соның ішінде бас бостандығынан айыру да көзделген. Біздің мақсат – жазуды өшірумен ғана шектелмей, тарату арналарын толықтай жою және кінәлілерді жауапқа тарту, – деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Полиция қала тұрғындарын бейжай қалмауға және есірткі жарнамасының кез келген дерегі туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Әрбір ақпарат жастарды және бүкіл қаланы есірткі қатерінен қорғауға үлес қосады.
