Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда педагогтар нашақорлыққа қарсы ақпараттық іс-шараға қатысты

Павлодарда педагогтар нашақорлыққа қарсы ақпараттық іс-шараға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласындағы №4 мектеп-интернатта есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері педагогтар мен мұғалімдердің қатысуымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартудың жолын кесуге бағытталған профилактикалық әңгіме өткізді.

Кездесу барысында "жеңіл табыс" ұғымына, оның ішінде курьер және жасырын қойып кетуші ретінде жұмысқа орналасу ұсыныстарына, сондай-ақ мұндай әрекеттердің құқықтық салдарына ерекше назар аударылды.

Әңгіме аясында полиция қызметкерлері есірткіге байланысты заңсыз әрекеттерге педагогикалық білімі бар тұлғалардың, оның ішінде қазіргі немесе бұрынғы мұғалімдердің тартылған нақты прецеденттік жағдайларына қатысушылардың назарын аударды.

– Есірткі құралдарын жасырын қоюға қатысу, сақтау, тасымалдау немесе тарату ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады және қатаң жаза қолдануға әкеп соғады. Мұндай жағдайлар кәсіпке, әлеуметтік мәртебеге және бұрынғы еңбегіне қарамастан, міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікпен және бас бостандығынан нақты айыру мерзімдерімен аяқталады, – деп атап өтті Павлодар қ. ПБ-ның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.

Сондай-ақ педагогтарға қылмыстық әрекетке тартудың заманауи тәсілдері көбіне мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы "жылдам әрі қауіпсіз табыс" ұсыныстары ретінде жасырылатыны түсіндірілді. Кездесудің жеке бір бөлімі балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алудағы мұғалімнің педагогикалық рөліне арналды.

– Білім алушылардың бойында тұрақты моральдық құндылықтарды, заңға мойынсұнушылықты және өз болашағына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруда педагогтар маңызды буын болып табылады. Жеке үлгі көрсету, оқушыларға мұқият көзқарас және алаңдататын белгілерді дер кезінде анықтау қайғылы жағдайдың алдын алуда шешуші рөл атқаруы мүмкін, – деп атап өтті құқық қорғау органының өкілі.

Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу педагогтардың құқықтық сауатын арттыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілікті нығайтуға және білім беру ортасында нашақорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру