Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы ПД бастығы Жарма ауданына жұмыс сапарымен барды

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров Жарма ауданының полиция бөліміне жұмыс сапарымен барып, 2025 жылдың жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындыларын шығару бойынша өткізілген кеңеске төрағалық етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңесті ашқан ПД бастығы аудандағы жедел жағдайдың тұрақты екенін атап өтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау және қызметтің халықтың сұранысына бағдарлануы басты басымдық екенін ерекше атап көрсетті.

Аудан аумағында алкогольден бас тарту және ауылдық елдімекендерде қауіпсіз ортаны қалыптастыру бойынша жүзеге асырылып жатқан бастамаларға ерекше көңіл бөлінді. Осы жұмысқа қолдау көрсеткені және белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталғандар: Белтерек ауылдық округінің әкімі Мирдос Жанаков, Жарық ауылдық округінің әкімі Фархат Есімбеков, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Даулеткерім Қасенов. Сонымен қатар алғыс хаттармен учаскелік полиция инспекторлары да марапатталды. Олар: Серік Оспанов, Асхат Сығамбаев, Ернат Жазыбаев.

- Бүгін мен ауыл округтері әкімдеріне және учаскелік инспекторларға Белтерек, Малай және Қызылағаш ауылдарының тұрғындарын алкоголь өнімін сатудан және тұтынудан бас тартуға шақырған үлестері үшін алғыс айтқым келеді, — деді ПД бастығы Эльдар Данияров.

Жұмыс сапары барысында департамент бастығы учаскелік полиция пунктіне барып, қызмет ұйымдастыруымен, учаскелік инспекторлардың жұмысымен және жергілікті деңгейдегі басым бағыттармен танысты. Арнайы назарда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.

Басшы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллинг фактілерін уақытылы анықтау және тоқтату, сондай-ақ интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырмаларын берді. Сонымен қатар қараусыз қалған мал мәселесін реттеу бойынша міндеттер беріліп, міндетті чиптеу талаптарын түсіндіру және жергілікті деңгейде бақылауды күшейту жөнінде нұсқаулар берілді.

Абай облысы полиция департаменті құқық тәртібін нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бойынша жергілікті билік органдары мен қоғаммен өзара іс-қимылды жалғастыра беретін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру