Атырауда ҚАЖ қызметкерлерінің балалары сурет байқауына қатысты
Атырауда ҚАЖ қызметкерлерінің балалары сурет байқауына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Қазақстан Республикасы ІІМ бастамасымен, "Адал полиция" кең ауқымды акциясын іске асыру аясында "Менің анам, менің әкем – мақтанышым" тақырыбында қызметкерлердің балалары арасында сурет байқауы ұйымдастырылды.
Аталған байқаудың негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін балалардың көзімен көрсету, жас ұрпақтың ата-анасына деген құрметін арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ адалдық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.
Сурет байқауына департаментке қарасты мекемелердің қызметкерлерінің 10 жасқа дейінгі және 11–14 жас аралығындағы балалары қатысты. Байқауға ұсынылған жұмыстарда ата-анасының қызметтегі бейнесі, нысанды киімдегі анасы немесе әкесінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі, сондай-ақ отбасындағы мейірім мен мақтаныш сезімі көркем түрде бейнеленді.
Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын мазмұны, тақырыптың ашылуы, шығармашылық көзқарасы және көркемдік деңгейі бойынша бағалады. Балалардың салған суреттері олардың ата-анасының қызметіне деген шынайы құрметі мен мақтанышын айқын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстар іріктеліп, алдағы уақытта республикалық кезеңге жолданатын болады. Ал барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Аталған іс-шара ҚАЖ департаменті қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және өскелең ұрпақтың елге, қызметке деген сенімін арттыруға өз үлесін қосты.
