Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полицейлер оқушыларға есірткі қылмысының салдарын түсіндірді

Жетісу облысында полицейлер оқушыларға есірткі қылмысының салдарын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласындағы мектеп-интернатта жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — есірткі қылмыстарының алдын алу және жастарды қазіргі цифрлық кеңістіктегі қауіпті азғырулардан қорғау.

Кездесу Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Кинологиялық қызмет орталығының мамандары бірлесіп ұйымдастырды. Жиын барысында жасөспірімдердің сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталатын «жеңіл жұмыс» ұғымының шынайы салдарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінді.

Дәріс кезінде оқушыларға интернеттегі жылдам табыс пен оңай тапсырмалар деген желеумен жастарды қалай арбауға түсіретінін айқын көрсететін бейнероликтер ұсынылды. Полицейлер қаскөйлер қолданатын психологиялық ықпал ету тәсілдері туралы жан-жақты айтып, «жалған психологтардың» сенімге, қызығушылыққа және өз бетінше әрекет етуге деген ұмтылысқа сүйене отырып, жасөспірімдерді кезең-кезеңімен заңсыз әрекеттерге қалай тартатынын түсіндірді.

Кездесудің тәжірибелік бөлігі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері қызметтік иттердің жұмысын көрсетіп, олардың небәрі бірнеше минут ішінде мұқият жасырылған есірткі заттарын анықтай алатынын дәлелдеді. Бұл бөлім есірткіге қатысты қылмыстардың назардан тыс қалмайтынын және құқық қорғау органдарының оларды әшкерелеудің тиімді әдістеріне ие екенін нақты көрсетті.

Кездесу соңында полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтау, тарату және заңсыз айналымға қатысу үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды. Мұндай жолдың адам тағдырын күйретіп, болашақтан айырып, ауыр құқықтық салдарға әкелетінін ерекше атап өтті.

Жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс — саналы таңдау мен заңды білу қауіпті қателіктерден сенімді қорған болатын, салауатты қоғамды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру