Атырау облысында қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейтілді
Атырау облысында қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету полицияның негізгі басым бағыттарының бірі. Әсіресе қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнетін қауіп артып, уәкілетті органдар тарапынан кешенді шаралар қабылдауды талап етеді.
Осыған байланысты жауапты мекемелерге берілген нұсқамалар негізінде облыс аумағындағы көше-жол желісін қар мен көктайғақтан тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Арнайы техника жұмылдырылып, қауіпті учаскелерге ерекше назар аударылуда. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, көлік жүргізушілеріне жылдамдық режимін шектеу, арақашықтықты сақтау және ауа райы жағдайына сай көлік құралын басқару талаптарын орындау қажеттігі ескертіледі.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жолда барынша мұқият болып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
