Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда "Адал полицей" акциясы аясында учаскелік инспекторлардың жұмысы көрсетілді

Алматыда "Адал полицей" акциясы аясында учаскелік инспекторлардың жұмысы көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда "Адал полицей" акциясы аясында халықпен күнделікті тығыз байланыста жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторларының қызметі туралы арнайы сюжет дайындалды. Бұл – тұрғындармен өзара іс-қимылдың алдыңғы шебінде жүретін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын қызметкерлердің еңбегін көрсетуге бағытталған жоба.

Учаскелік инспектор – азаматтар ең алдымен жүгінетін, олардың мәселелері мен алаңдаушылықтарын тыңдайтын тұлға. Ол өз аумағындағы әр аула мен подъездегі жағдайды жақсы біледі, тұрғындардың көңіл күйін сезінеді және тікелей кері байланыс орнатады. Дәл осы учаскелік инспектор арқылы полицияға деген сенім жергілікті деңгейде қалыптасады.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, "Адал полицей" акциясы қызметтің имиджін арттырумен қатар, қоғаммен нақты әрі тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған.

– Акцияның басты мақсаты – полицияның ашықтығын, адалдығын және адамға бағдарланған қызметін көрсету. Адал полицей – бұл халықпен бірге жұмыс істейтін маман. Белсенді тұрғындармен, үй ақсақалдарымен, еріктілермен және қоғамдық кеңестермен бірлесе әрекет еткенде ғана әр аулада тәртіп орнатып, тыныштықты сақтауға болады, – деп атап өтті Айтан Елеусізов.

Бүгінде учаскелік инспекторлардың жұмысында цифрлық технологиялар мен заманауи байланыс құралдары кеңінен қолданылуда.

– Қазіргі учаскелік инспектор – бұл тек аумақты аралау мен азаматтарды қабылдау ғана емес. Сонымен қатар цифрлық платформалар, мессенджерлер, бейнебақылау жүйелері мен автоматтандырылған сервистер арқылы жұмыс істеу. Камералар, электрондық өтініштер мен онлайн-чаттар құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге, ең бастысы – тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді, – деді ол.

"Адал полицей" акциясы халыққа ең жақын тұрған, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік үшін жауапкершілікті бірінші болып өз мойнына алатын полиция қызметкерлерінің күнделікті, шынайы еңбегін көрсетуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру