Жетісу облысында полиция қызметкерлері адалдықты насихаттайтын қойылымды тамашалады
Жетісу облысында полиция қызметкерлері адалдықты насихаттайтын қойылымды тамашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бекен Римова атындағы драма театрында Жетісу облысының полиция қызметкерлері үшін "Көке" спектаклінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұл қойылым — адамгершілік таңдау, жауапкершілік пен адами адалдық жайында терең ойға жетелейтін, әсері мол сахналық туынды.
Іс-шара құқық қорғау жүйесі ішіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, ашықтық, адалдық және өзара құрмет қағидаттарын нығайтуға бағытталған "Адал полицей" акциясы аясында өтті. Өнер тілі бұл жолы ерекше диалог құралына айналып, маңызды құндылықтарды өсиетсіз-ақ, шынайы әрі эмоциялық түрде жеткізді.
"Көке" қойылымы — ар-ұждан, парыз және өз-өзің мен қоғам алдындағы моральдық жауапкершілік туралы хикая. Кейіпкерлер тағдыры арқылы көрерменге әрбір таңдаудың өз салдары бар екені, ал адалдық адамның ішкі ұстанымынан басталатыны еске салынады. Заң мен әділдікті күн сайын күзетіп жүрген полиция қызметкерлері үшін бұл тақырыптардың маңызы айрықша.
Қойылым желісі бойынша Әділет есімді жас жігіт нақты мақсаты, жоспары және жоғары білімі бола тұра, мүлде бейтаныс қалаға жас маман ретінде жұмысқа орналасады. Сыбайлас жемқорлық жайлаған ортада әділдікті қорғап, өз ұстанымынан таймай, Жаңа Қазақстан жолында күреседі. Мемлекеттік тапсырыстар арқылы бюджет қаражатын түрлі айламен жымқыру, екіжүзді басшылар мен әріптестердің әрекеттері көрерменнің көз алдында өрбиді.
Көрермен залы тыныштық пен зейінге толды — актерлік шеберлік, әсерлі диалогтар мен қойылымның терең мазмұны жиналғандардың жүрегінен орын тапты. Көпшілік бұл спектакльдің жеке толғанысқа, кәсіби миссияны қайта пайымдауға және погондағы адамның қоғамдағы рөліне жаңаша көзқараспен қарауға себеп болғанын атап өтті.
