Алматыда шетелдік студенттер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Алматыда шетелдік студенттер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы – ірі мегаполис, сонымен қатар туристік әрі білім беру орталығы. Қалада мыңдаған шетелдік студент білім алуда. Олар үшін сапалы білім алу ғана емес, сонымен қатар келген елдің құқықтық кеңістігін дұрыс түсіну аса маңызды.
Осыған орай, Алматы қаласы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері Алмалы аудандық полиция басқармасымен бірлесіп, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде шетелдік студенттермен құқықтық түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіріп, қандай әрекеттерге рұқсат етілетінін және қандай іс-әрекеттерге тыйым салынатынын, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық түрлерін, сондай-ақ Қазақстан аумағында болу кезінде сақталуы тиіс мінез-құлық нормаларын жан-жақты баяндады.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Кулбаевтың айтуынша, мұндай кездесулер профилактикалық сипатқа ие және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
– Алматы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен студенттер үшін ашық қала. Біз шетелдік жастардың оқу мен өмір сүру үшін Алматыны таңдағанына қуаныштымыз. Алайда Қазақстан аумағында жүрген әрбір адам ел заңдарын сақтауға және ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге міндетті. Өкінішке орай, соңғы уақытта шетелдік студенттердің қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жекелеген деректері тіркелуде. Сондықтан біздің басты міндетіміз – кейін жазалау емес, алдын алу, түсіндіру және қателіктерге жол бермеуге көмектесу, – деп атап өтті Асхат Кулбаев.
Сонымен қатар қатысушыларға полицияға жүгіну тәртібі, төтенше жағдайларда көмек алу жолдары және құқық бұзушылықтар туралы уақытылы хабарлаудың маңызы түсіндірілді.
Алматы полициясы оқу орындарында профилактикалық кездесулер өткізуді жалғастырып, әрбір шетелдік азаматтың өзін қауіпсіз сезінуіне және өз жауапкершілігін нақты түсінуіне жағдай жасайтын болады.
