Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен өнерді қатар алып жүрген ҚАЖ қызметкері

Қызмет пен өнерді қатар алып жүрген ҚАЖ қызметкері жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.

Испан суретшісі Пабло Пикассоның пайымына салсақ, адамның жүзін фотограф пен айнаға қарағанда суретші әлдеқайда дұрыс көріп, жақсы таниды деп жауап берген болар едік. Ақиқатында, қалам ұстаған таланттар – қай нәрсенің де ішкі мәнін ашып, жүрекке жеткізе салады.

Қызылорда облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Бағдат Жадырасын да көркем өнерден кенде емес. Мекемеге жұмысқа орналасқанына 3 жылдай уақыт болған. Қызметтік жауапкершілік пен тәртіпке толы ортада осалдық танытпай, салмақты қалпымен орнын қалыптастырды.

Тынымсыз еңбектен сурет салу арқылы тынығатыны да рас. Кәсіби түрде айналыспаса да, қызығушылығы жоғары, қабілеті бар. Қызметтен тыс уақытта ой сергітіп, көңіл бөлу үшін қағаз бен қылқаламды серік етеді. Өнерге деген ықылас бұл отбасыда бұрыннан бар. Содан болар, әкеден ұлағат алған ұрпақтың ішкі мәдениеті мен талғамы жоғары.

Бағдаттың әкесі Ғани Жадырасынұлы сұлулықты сол күйі қағазға түсіретін дарын иесі. Тіпті, қызметкердің бауырлары да бейнелеу өнеріне бейім. Қарындастарымен бірге әкесінің әдепкі жолын жалғап, машықтануды доғарған емес. Ал, қазір Бағдат Жадырасынның қос ұлы да сурет салуға ынта танытып, бұл өнерді жатсынбайды. Демек, бұл – бойдағы табиғи талант.

Қызметкер Бағдат мектеп қабырғасында жүріп, белсенділігімен көзге түскен. Яғни, 7-8 сыныптан бастап ашық сабақ пен түрлі тәрбие сағаттарын көрнекілікпен келістіріп, безендіру жұмысына үлес қосқан. Сызу пәнінде де тапсырманы әп-сәтте орындап, үнемі үздік баға алып отырған.

– Қызметімде тәртіп пен нақты ереже бар. Ал сурет салғанда ешқандай шектеу жоқ. Мен осылай демаламын. Маған белгілі бір суретшінің стилі емес, оның ойлау еркіндігі маңызды. Картиналардан мінсіздік емес, шынайылық көрген ұнайды. Сондай мазмұн жаныма жақын. Сол еркіндік, сол ішкі күй мені сурет салуға қайта-қайта жетелейді. Отбасымызда сурет салу таңсық дүние емес. Әсіресе, балаларымның суретке ықыласын көргенде, балалық шағым есіме түседі. Бүгінгі күні орда бұзар отыз жастан астым. Қос ұлым шығармашылық жолын таңдаймын десе, қарсылығым жоқ. Мен үшін ең бастысы – олардың қызығушылығын шектемей, қолдау көрсету, – дейді режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Б.Жадырасын.

Шығармашылық – тынысты тарылтпайтын кеңістік. Мұны түсіне білген әулеттің танымы да терең деп білеміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру