Павлодар облысында сотталғандар еңбек нарығына бейімделуде
Павлодар облысында сотталғандар еңбек нарығына бейімделуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысындағы №46 мекемеде қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен қайталама қылмыстың алдын алуға және сотталғандарды қоғамға толыққанды қайта бейімдеуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар бағдарлама жүзеге асырылуда.
2026–2027 оқу жылына арналған кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында Павлодар облысы білім басқармасының "Техникалық колледжінің" басшысы Серік Дәкеновтың бастамасымен еңбек нарығында тұрақты сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша тәжірибелік шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
Бағдарламаға №46 мекемеде жазасын өтеп жатқан 13 сотталған қатысты. Оның ішінде 7 адам автокөліктерді жөндеу слесары мамандығы бойынша білім алса, тағы 6 адам корпус жиһазын жинақтаушы және құрастырушы дағдыларын меңгерді.
Оқытудың басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделген формат. Өндірістік оқыту шеберлерінің жетекшілігімен сотталғандар тек теорияны ғана емес, мекемеден тыс жерде де қолдануға болатын нақты еңбек дағдыларын игерді. Мұндай тәсіл қатысушылардың өз күшіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы қажеттілігін сезінуге мүмкіндік береді.
Шеберлік сабақтарының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға меңгерген біліктілік дағдыларын растайтын сертификаттар табысталды. Бұл құжаттар босап шыққаннан кейін жұмысқа орналасудың нақты құралына айналып, сотталғандарға заңды еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде кәсіптік бағдар беру мен кәсіби оқыту қайта әлеуметтендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі элементтерінің бірі екенін атап өтеді. Кәсіп меңгеру қайталама құқық бұзушылық тәуекелін төмендетіп, жауапкершілікті қалыптастыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Мұндай бастамалар бүгінгі таңда түзеу жүйесінің тек бақылауға ғана емес, адамның өмірін өзгертуіне, қоғамға пайдалы азамат болып оралуына және жаңа құндылықтар мен дағдыларды қалыптастыруына жағдай жасауға бағытталғанын айқын көрсетеді.
