Қызылорда облысы ПД бастығы Арал ауданы полиция бөлімінің жұмысымен танысты
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Арал ауданы полиция бөлімінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов жұмыс сапарымен Арал ауданына барды.
Сапар барысында облыстың Бас полицейі Арал аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Полиция бөлімінің ғимаратын тексеріп, материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайын көріп шықты.

Кездесу барысында 2026 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланғаны атап өтіліп, бұл бағыт Ішкі істер министрлігі қызметінің алдағы кезеңдегі басым бағыттарының бірі болатыны айтылды. Сонымен қатар биыл Балалар жылы екені ескеріліп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Жалпы облыстың шалғайында орналасқан Арал ауданында қылмыстық ахуал тұрақты. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында полицияның кешенді күштері жұмылдырылып, профилактикалық шаралар күшейтілген. Сондай-ақ аудан орталығына кезең-кезеңімен учаскелік полиция инспекторларының қосымша күштері тартылып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Осы және өзге де атқарылған жұмыстар туралы Арал аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлтай Нұрсұлтан баяндама жасады.
Сонымен қатар өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ержан Құдайберген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңдылық пен тәртіпті нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, "Адал полицей" кең ауқымды алгоритмі аясында дайындалған бейнероликті ұсынды.
